«Ұстазыма мың алғыс»
Шоқан Уәлиханов атындағы Бөлтірік шешен ауылының орта мектебінде «Ұстазыма мың алғыс» атты іс-шара өтті
Мақсаты: Оқушылардың ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.
Бізді білім беріп өсірген,
Қатемізді әрқашан да кешірген.
Өмір жолы қиын жол деп әрдайым,
Тәрбиелеп, ақылды ғып өсірген
Анамдайсыз, менің асыл ұстазым
Өтті бізбен көктем, күз, қыс-жазың
Жылдар бойы тәрбиелеп, аялап
Болашаққа байтақ, бір жол нұсқадың.




Ұстаз ... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз. «Ұстаз» деген ардақты, киелі, үлкен құрметпен айтылатын сөз, ол әр адамның жастайынан сауатын ашатын, өнеге үйретіп, тәрбие беретін «Білім» атты кемеге отырғызып, болашаққа жол көрсететін, анаңдай әлпештеп, маңдайынан сипайтын адам.
Қазан айының бірінші жексенбісі – ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІ.
Шоқан Уәлиханов атындағы Бөлтірік шешен ауылының орта мектебінде қазан айының 4-і күні ұстаздар күніне орай 10-сынып оқушыларының атсалысуымен «Ұстазыма мың алғыс» атты әдеби-сазды іс-шара аталып өтті. Іс-шараға мектеп ұстаздарымен қатар ардагер ұстаздар шақырылды.
Қазақстанның шарқыраған гимнімен басталған іс-шараны мектеп директоры Сыдық Берік ағай ашып беріп, ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады. Мереке әрі қарай кәсіподақтың арнайы ұстаздарды марапаттауларымен ұлықталса, содан кейін оқушылардың ұстаздарына деген арнауларымен, өлең шумақтарымен, сонымен қатар әуезді әндерімен, бұрымды билерімен жалғасын тапты. Қымбатты ұстаздарымызға мектептен түлеп ұшқан, Қазақстаннның түкпір-түкпірінде білім алып жүрген шәкірттері де айшылық алыс жерлерден видеоқұттықтауларын жолдады.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға – деп Абай атамыз айтқандай мектебіміздің ұстаздары алдағы уақытта да талай-талай шәкірт тәрбиелеп, білім нәрімен сусындыратыны сөзсіз.