Мектебіміздің жас маманы жеңіспен оралды
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық.
Бүгін де мұғалім білім құндылығын сақтаушы, балалар үшін тәртіп үлгісі ғана емес, сонымен қатар басқаларға өз-өзін жетілдіруге, қажетті ғылымдарды тауып, ізденуге жол сілтейтін өз ісінің шебері, өз оқушыларын білімге шабыттандыушы.
Жас педагог қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру мақсатында ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қорының қолдауымен а.ж. 4-5 мамыр аралығында Семей қаласы (ШҚО) М. Әуезов атындағы Семей педагоикалық колледж базасында «Дарынды балаларға-талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасын өткізді.
Олимпиадаға еліміздің барлық аймақтарынан 400-ден астам қатысушылар жиналды. Оның ішінде: жоғары сынып оқушыларынан - 15 команда, ЖОО-ны мен колледж студенттерінен – 11 команда өзара сайысқа түсті.
Олимпиада жас мұғалімнің кәсібилігін дамытуға,мүмкіндіктері, жеке және кәсіби қасиеттерін анықтауға, педагогикалық қызметтің мәнін түсінуге және жас мұғалімдердің кәсіби жетістіктерін таныстыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған кәсіби жарыс болып саналады.
Аталмыш шараға Шоқан Уәлиханов атындағы Бөлтірік шешен ауылының орта мектебінің атынан бақ сынауға «Физика» пәнінің мұғалімі Тайшикова Ақмарал Асылбекқызы арнайы іріктеуден өтіп, Семей қаласына аттанған болатын.
Нәтижесінде «Жаратылыстану бағытында» секциясы бойынша өз идеясының артықшыл тұстарын алға тартып, понарамалық сабағын жемісті қорғай білген Ақмарал Асылбекқызы жүлделі III орынды иеленді.